
Бүгінгі әлемдік жаһандану үрдісі құлашын кеңге сермеген заманда қандай да болмасын барлық жағдайдың байыбына бармасақ, аяғымызды аңдамай басып әттең айлап, сан соғып қаларымыз анық. Батыс мәдениеті ықпалдырақ болып тұрған тұста Жаһанданумен бірге елімізге келіп жатқан жаңашыл идеологиялардың ар жағында өзге бір халықтың, басқа мәдениеттің біздің салт-санамызға жат өз құндылықтары мен мәдени ұстанымдары тұрғанын түсінуіміз керек.
Батыстың «цивилизациясын» аламыз деп жүргенде, оның «каналилизациясына» түсіп кетпеуімізге кім кепіл. Ол үшін біз өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрімізді, құндылықтарымызды, салт-санамызды жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз керек.
Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының алатын орны ерекше. Атап айтсақ, Елбасының аталмыш мақаласында ұсынылған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары осы аталған ұлттық құндылықтарды дәріптеуге басымдық берілген бірден бір маңызды бастамалар.
Осы орайда «Нұр Отан» партиясымен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Тарлан тарих тағылымы» атты өлкентану жобасы әзірленген болатын. Бұл жобаның басты идеологиялық аспектілерінің бірі тарихшы, өлкетанушы, мәдениеттанушы, саясаттанушы, этнографтардың, археологтардың, қоғам қайраткерлерінің жергілікті жоғары оқу орындарында өлке тарихы туралы көпшілік дәрістер өткізуге және ежелгі ескерткіштер мен көне жәдігерлерге, киелі орындарға ішкі туризмді дамытуға басымдық таныту болып табылады.
Мамыр айының 10 жұлдызында «Нұр Отан» партиясының Саран қалалық филиалы қалалық орталық кітапханамен бірлесе отыра тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді, қасиетті орындарды дәріптеу мақсатында Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің студенттеріне шаһарымызда орналасқан Игілік би Өтепұлының мазарына экскурсия ұйымдастырды. Сол экскурсияға «Нұр Отан» партиясымен бірге бізде барып қайтқан болатынбыз. Игілік бидің мазары Саран қаласындағы «Бай тамы» деген жерде тұр. «Там» – бейіт басына мазар тұрғызылғандығын білдіреді. Бейіттің биіктігі 8-10 метр, ені көлденең шеңберінен 3-4 метр, құбыла жағында ішіне кіріп – шығатын ашық қуыс есігі бар, шала пісірілген саз кірпіштен салынған (1842 жылы баласы Даурабай қайтыс болғанда бидің өзі салғызған тамы деген деректер бар).
Игілік би Өтепұлы Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсіреповтың бай еңбектеріне арқау болған атпал азамат, тарихи тұлға. Өз заманында айтулы би, өте бай, қайырымды, халқына жақын азамат болған. Бидің қыстаулары Қызыл-тауда, Алабаста; жаз жайлаулары Құндызды, Нұра, Есен, Манақа және Айғыржал өзендерінің бойында болған. Кезінде шешендігімен және көсемдігімен өз замандастарынан оқ бойы озық болғандықтан Игілік би Мұрат, Сармантай, Қаракесек, Тоқа, Қаржас, Қареке руларымен болған арадағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешілуіне әрдайым ықпал етіп отырған. Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы болып, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсетеді. Ол патша отаршыларының сұлтандармен бірігіп, қазақтардың жақсы жерлері мен жайылымдарын және үй-жайларын тартып алғанын өз көзімен көріп, жағдайды терең түсінген соң, Кенесары ханның жасақтарына 1000 жылқысын сыйға тартқан.
Халқына адал, парасатты тұлға, елінің азаматы болған Игілік би Өтепұлы сияқты атпал азамат, қабырғалы бидің есімін құрметтеп, өз төл тарихымыздағы осындай ұлы тұлғаларды өскелең ұрпаққа дәріптесек, олардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтып, халқымыздың қастерлі мұраларына сүйене отырып, ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлттың ұрпағын қалыптастырарымыз сөзсіз.